Астана қаласы
№41орта мектеп
Даналық ойдың жемісі-тыйым сөздер
Баяндама
Құрастырушы: Оразакова А.А
қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі
санаты: педагог
2024ж
Бүгінгі күнде жас ұрпақтың санасында туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру,сондай-ақ ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп,халықтық салт-дәстүрлерді
аялай, ардақтай білуге тәрбиелеу-басты міндеттердің бірі.Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі.
Жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымын қалыптастыруда қазақ халқының тыйымдарының алатын орны ерекше. Өйткені оларда халықтың ғасырлар бойы жинақтаған бай тәжирибесі сақталған, ұлттық рухани байлықтың қайнар
көзі мен мүмкіндігі көрініс тапқан. Сондықтан, қазақ халқының осы асыл мұрасы-ең қысқа әрі ең өміршең жанрдың бірі саналып,қысқа да ұшқыр,ұтқыр
да тұтқыр сипатымен ерекшеленетін ұлттық тәрбие көзі тәрбие көзі болып табылады.
Осыған байланысты 4-сыныпқа арналған бағдарламаны жүргізілген зерттеу жұмысы барысында жинақталып,тәрбиелік бағыттарға бөлінген тыйым сөздер енгізіліп отыр.
Бұл жинақ көмекші құрал ретінде мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне және көпшілік қаумға арналған.
Қазақ халқының терең тамырлы өнегелі әдет ғұрпын, салт-дәстүрін,ырым-тыйым,мәдени мұрасын, окушылар бойына дарытып сақтауға,ырымдар мен тыйым сөздер арқылы жаман әдеттен,теріс мінезден қорғауға,теориялык білімдерінің жүзінде ұштастыра отырып, ата-аналар тәжірибесінің ең жақсы үлгілеріне, халықшылыққа, имандылыққа, еңбекшілдік және адамгершілік рухында тәрбиелеу. Қазақ тілі сабағында оқушылар бойына рухани байлығын сіңірту,ұлтымыздың дәстүрлерінен балалардың ой-өрісін дамыту жолдарын көрсету.
Тыйым сөздерді қазақ тілі сабағында оқытудың дидактикалық және әдістемелік мақсат-міндеттерін талдап көрсету.
Оқушыларға тыйым сөздерді дұрыс қабылдай білуге және сабақта
дұрыс қолдануға үйрету.
Тыйым сөздердің түрлеріне,астарлы мағынасына тоқталу.
Тыйым сөздердің салт-дәстүрден таралатын тұстарын айқындау,
өмірмен байланыстыру.
Тыйым сөздердің түрлеріне жаңаша баға беру.
Өз Отанын шексіз сүйетін патриот тәрбиелеу.
Тыйым сөздер арқылы өз ойын еркін жеткізе алатын,
сауатты сөйлеу жүйесі қалыптасқан тұлға қалыптастыру.
Ырымдар мен тыйымдар адамдардың бір бірімен қарым — қатынасын, табиғатқа, қоршаған ортаға берілген тұжырым, түйінделген қағида.
Ырымдар мен тыйымдар халық арасында ерте кезден қалыптасып, бүгінгі күнге дейін жетті.
Әрбір тыйым бекер айтылмаған, әрқайсысының тәрбиелік мәні бар, оқушылар үшін ереже болып табылады.
Қазақтың тыйым сөзі.
Қазақтың тыйым сөзі-ұлттық тәрбие көзі, яғни қазақ кішкентай кезінен
жақсылыққа үйір, жаман әдеттерден аулақ болсын деп тыйым арқылы
баласын тәрбиелеп отырғанын біз жақсы білеміз. Қазақ халқының қанына
сіңген тектілігі, адамгершілігінің жоғары болуы, әртүрлі келеңсіз көріністерден,
әбес қылықтардан аулақ болғаны осы қазақтың тыйымының
арқасы, яғни бала бойына ерте жастан сіңіргеннен.
Әрбір отбасында «баланы бастан...» деп басталатын тәрбиенің түрі қандай
тағылым десеңізші?! Оны ата-бабалар қоғамдық орта тәрбиесімен шеберлікпен ұштастырған.
Адам болу үшін ақ жолға ұрпағын бастайтын ұл-қызға түрлі тыйым салынған.
Тыйым сөздер балалардың есі кірген кезден-ақ қолданылғандықтан,ойы айқын,жас ерекшелігіне сай түсінікті, нақты тұжырымдарды білдіреді.Балаларды ертеден-ақ жаман әдет,жат қылықтан сақтандырады.Есі жаңа кірген кезден басталып ержеткенге дейін құлағында жүріп,жүрегінен орын алатыны сөзсіз.
Тыйым сөздердің түрі.
Тыйым сөздердің мән-мағынасына тереңнен үңіліп,бой ұрсақ,
оның астарында маңызды да ,мәнді,адам баласына,әсіресе,жас
өскелең ұрпаққа қажетті асыл дүниелер жатқандығын және де
тәрбиенің әр саласын аңғаруға болады. Осыған байланысты қолданыстағы
тыйым сөздерді жинастырып,оларды мазмұн-мағынасына талдай келе,
былайша жіктеп, тәрбие бағыттарына топтастырдық.
1.Адамгершілік тәрбиесі.
2.Әдептілік тәрбиесі.
3.Имандылық тәрбиесі
4.Экологиялық тәрбие.
5.Еңбек тәрбиесі.
6.Тазалық тәрбиесі.
7.Эстетикалық тәрбиесі.
«Адамгершілік»тәрбиесіне арналған тыйым сөздер.
Адамгершілік адам болмысы үшін басты көрсеткіш екені белгілі.
Мұндай адами сезімдерді қалыптастыратын сөздердің сөздердің қатары көп.
Оларда адамды сыйлау,қайырымды болу,өтірік айтпау сияқты
тәрбиелік үғымдар қамтылған.
Ата-анаңа қарсы келме. Адамға қарап қүлме. Біреуді алдама.
Кісі ақысын жеме. Үлкеннің бетінен алма. Сабырсыз болма.
Жаманат шақырма. Жаман ырым жасама. Кемтарға күлме.
Әлсізге әлімжеттік жасама. Ұрлық қылма. Түске дейін ұйықтама.
Зорлық жасама. Арыңды сатпа. Әйелге күш көрсетпе. Тәкаппар болма.
Өтірік айтпа. Жалқау болма.Мақтаншақ болма. Сөз тасыма. Күншіл болма.
Өзімшіл болма. Ауру тілеме. Үлкен адамның алдын кесіп өтпе.Үлкендердің
сөзін бөлме. Жаман әдетті үйренбе.
«Әдептілік» тәрбиесіне арналған тыйым сөздер.
Әдептілік- адам бойындағы жағымды қасиет,оның қоғамда
қабылданған әдеп талаптарын мінсіз орындауы.Ол адамгершілікпен,
имандылықпен қанаттас жүретін ұғым.
Әдепсіз сөзді айтпа.Үлкеннен бұрын отырма. Үлкеннен бұрын сөйлеме.
Жарыса сөйлеме. Үлкеннен бұрын тамаққа қол созба.Топта даурығып
сөйлеме.Тарс-тұрс жүрме.Адамды қорлама.Орынсыз күлме. Адамды санама.
Қолыңды білеп сөйлеме.Кісінің көзінше қасынба.Мұрныңды шұқыма.
Кісінің үстінен аттама. Бос бесікті тербетпе. Кісіге қарап түкірме.
Кісіге қарап есінеп-керілме.Есікке керілме.Көп ішінде қатты сөйлеме.
Қатты күлме. Бейуақытта ұйықтама. Үйде ысқырма. Адамды айналма.
Асты үрлеме. Тізені құшақтама. Шегіңді тартпа. Таңдайыңды қақпа.
Өтірік жылама.
« Имандылық» тәрбиесіне арналған тыйым сөздер.
Адам баласын адалдыққа, мейірімділікке ,жауапкершілікке жетелейтін жол-имандылық. Имандылық ұғымы өте кең. Адамгершілік , тәртіптілік сыпайыгершілік ұғымдарының бәрін де қамтиды. Біз бұл жерде дінді қадірлеу,хадис талабын орындау, жан тазалығын сақтау деген ұғымдармен қатысты сөздерді көрсеттік.
Аманатқа қиянат жасама. Аруақ аттама.Дінді сатпа. Құранды баспа.
Тәңірге, аруаққа құранға тіл тигізбе. Өлім үстінде жаман сөз айтпа.
Өлген адамды жамандама. Намазды бұзба. Қабірді баспа.Жұма күні кір жума.
Бейітке қолыңды шошайтпа.Бейіт тұсынан жүгіріп ,шауып өтпе.
Бейуақытта кісіге көңіл айтпа. Моланың басында жүрелеп отырма.
Молаға саусағыңды шошайтпа.Өтірікке куәлік жасама. Ант ішпе,әбес сөйлеме
ойбайлама. Құран оқығанда күлме.
« Экологиялық»тәрбиесіне арналған тыйым сөздер.
Экологиялық тәрбиеге бала санасында табиғатты қорғау, қоршаған ортаға қамқорлық көрсету ,аялау сезімін, экологиялық мәдениетті қалыптастыру,табиғатқа залал тигізбеу, оның тылсым құдіретін бағалауға арналған сөздер жатады.
Көкті жұлма. Ұяны бұзба. Суды лайлама. Суға түкірме. Ағын суға кір шайма.
Аққуды ,қыран құстарды атпа. Бұлақты бітеме. Жәндікті өлтірме. Суға зәр
сындырма. Құмырсқаның илеуін баспа. Қара суды сапырма. Бұлақты былғама.
Егінді ,шалғынды бейсауат баспа. Жалғыз ағашты кеспе. Жерді сабама. Жерді
тепкілеме. Ағын суды бұрма.
«Мал шаруашылығы» тәрбиесіне арналған тыйым сөздер.
Қазақ халқының еңбек әрекеті негізінен мал шаруашылығына негізделген.
Ішер ас, киер киім, мінер көлік, тұтынар зат ,өтелер борыш-бәрі төрт түлік төңірегінде болған. Халықтың тұрмыс тіршілігі төрт түлік малмен байланысты болғандықтан, малды ерекше құрметтеп, балаларын сол арқылы еңбекке баулып, тәрбиелеген.
Мал әбзелдерін аяқ асты тастама. Мал ұстайтын құралдарды тастама.
Малды теппе. Түнде мал санама. Жатқан малды аттама. Жас малдың
тістерін санама. Малға тіл тигізбе. Малдың сүйегін отқа салма. Малдың алдынан бос ыдыспен шықпа.
Мал қорада ысқырма.Күн батқаннан кейін қорадан мал шығарма. Тірі малға көрсетіп мал сойма.
« Тазалық» тәрбиесіне арналған тыйым сөздер.
Тазалық тәрбиесінде жас ұрпақтың дені таза, тәні сау болып өсуі
үшін жеке бас тазалығын сақтауға арналған тыйым сөздердің орны ерекше.
Саусағыңды аузыңа салма. Шалбарыңды жастанба. Киімді теппе.
Дастарқанды баспа. Ыдысты теппе .Ыдыстың бетін ашық қалдырма.
Салақ болма. Аяғыңды жоғары көтерме. Сыпырғышпен ұрма.
Дәрет суын аяқ асты төкпе. Сыпырындыны шашпа. Күлді шашпа.
Күлді баспа. Құдыққа түкірме .Қолға жұққан суды сілікпе.
Тамақтың үстінен аттама. Итке ожаумен ас құйма.
«Эстетиқалық (әсемдік)»тәрбиесіне арналған тыйым сөздер.
Эстетиқалық (әсемдік) тәрбиеге қатысты адамның сырткы
көрінісінің жарасымдылығы мен жүріп-тұру әдебіне байланысты да
көптеген тыйым сөздер бар.
Шашыңды жайма. Тақымыңды көрсетпе. Езуіңді керме.
Талтайып отырма. Шаш-тырнағыңды өсірме. Бөрқіңді теріс киме.
Кіндігіңді ашпа. Саусағыңды кеземе .Көзіңді жыпылықтатпа .
Ерніңді шығарма. Бетіңді қисайтпа. Тізеңді құшактама. Бетіңді баспа.
Басыңды шайқама. Шапанды желбегей жамылма.
Пайдаланған әдебиеттер (материалдар)
- С.Кенжеахметұлы « Жеті қазына» Алматы 2007ж.
- «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» Алматы.
- « Алматы кітап баспасы» 2012 ж
- С.Кенжеахметов. «Қазақтың тыйым сөздері» «Абай»
журналы №10 2010ж.
- А. Құралұлы. « Қазақы тыйымдар мен ырымдар» Алматы.
« Өнер» 1998ж
- Наурыз. Жаңғырған салт-дәстүрлер .Құрастырған М. Қазбеков.
Алматы.1991ж
- Әуесбайтегі Т. Халықтың тыйым сөздері мен ырым-нанымдары.
«Орталық Қазақстан»газеті,№ 102,30 тамыз,1994ж.