Логопед-дефектолог: баламен
байланыста сөйлесу маңызды
Бүгінде «бала тілі – бал» дейтін қазақ, баласының тілі уақытында шықпай, қатарынан қалып бара жатса, алаңдайтыны рас. Айналамыздан «балам дұрыс сөйлемейді», «тілі анық емес», «жақсы логопед маманы керек» деген пікірді жиі естиміз. Бұрын шет елдерде тіл мүкістігі мен ерекше балалардың сөйлеу дамуының тежелуін көп еститінбіз. Ал соңғы жылдарда балалар арасында өзекті мәселеге айналды. Сондай-ақ логопед-дефектолог маманына сұраныс артуда. Оған не себеп? Ата-ана нені ескеруі керек?
– Баланың сөйлеу қабілетіндегі бұзылыстар неден пайда болады, оны қалай анықтаймыз?
– Баланың сөйлеу қабілетіндегі бұзылыстар сыртқы және ішкі факторға байланысты. Сыртқы себептері: экология, жүйке жүйесінің бұзылысы, қарым-қатынас ортасы, селқостық, цифрлық гаджет, шулы орта. Ал ішкі себептері: анасының жүктілік кезі, босану, генетикалық аурудың берілуі, көру-есту жұмысының бұзылуы, соматикалық ауру, бас миының зақымдануы, гипербелсенділік, жанындағы адамның темекі шегуі, кесар тілігі сияқты құбылыстар баланың тіл күрмеуі мен аутизм болып тууына зиянын тигізеді. Боз баланы емдемес бұрын ең бірінші ата-ананың танымын кеңейтеміз. Себебі әлеуметтік өмірде ата-аналар қателікке бой алдырады. Оны өздері де байқамайды. Үй тіршілігінде бала мазасын алса, сәби кезінен бастап көп жылайтын болса, есімін айтып шақырғанда қарамаса ата-ана дабыл қағу керек. Яғни дәрігерге барып, бала денсаулығын зерттеу керек.
Ал тіл кемшілігін сәби кезінен байқауға болады, яғни тілдің жереншегі қысқа болса ана сүтін еме алмайды. Сондай-ақ бала 1 жасқа келіп, тілі шығып сөздерді айта бастағанда бізге логопед-дефектологка көрсету керек. Біз баланың денесін, бұлшық етін тексереміз. Егер бала табанындағы тепе-теңдікті сақтай алмаса, дұрыс сөйлей алмайды және қисық сөйлейді. Осы арқылы тіл ақауын ертерек анықтап, алдын-ала ем жүргіземіз. Бірақ көп ата-аналар баласындағы ақауды 3 жастан асқанда біледі. Себебі үй тіршілігінде жүрген ата-ана баласы жыласа көбіне планшет, ұялы телефон немесе интернеттегі жасына сай емес мультфильмді қосып беріп, уақыт шектеуліктерін қоймайды. Әрине, заманауи құрылғыларды пайдаланған дұрыс, бірақ ол бала тілінің күрмеуіне алып келеді.
– Балалардың сөйлеу қабілетін жақсартуда қандай ем-шара қолданылады? Толық сөйлеп, тілі түзелу үшін қанша уақыт қажет?
– Әр баланың түсінігі түрліше қалыптасады. Кейбіреуі бір айда, енді бірі деңгейіне қарай 1 жылда қабылдайды. Егерде алдымызға келген баланың түсінігі қалыптаспаған болса, ол кезде соматикалық және проприоцептивті сенсорлық жүйесін, яғни бұлшықет-буын сезімінің анализаторын бастаймыз. Ал түсінігі қалыптасқан, тек сөйлеуінде қана ақау болса шешу жолы интерактивтік тақта, магнитафон арқылы жұмыс, микрафонмен қайталау сияқты заттарды пайдалана отырып, жеке жұмыс дыбыстық ойын түрлерін, сурет бойынша әңгімелеу, ұсақ моторика ойындарын жүргіземін. Негізі баланы қоршаған ортадан алыстатпай, еркіндікке жіберу керек. Бұрын балалар құммен ойнап, талға өрмелеп, балалармен асық, футбол секілді түрлі дала ойындарын ойнаса, қазіргі бүлдіршіндер телефон қарап отырады. Мәселенің бар себебі осында.
Балада тіл кемістігі болмаса да жасалатын күнделікті қандай жаттығу түрлері.
– Ата-анаға айтар кеңесім баланы бесікке бөлеу керек, ойнау керек, өлең, ертегі айту керек. Планшет, телефон беріп немесе қосып қоюға болмайды. Балаға 3 жасқа дейін көңіл бөліп, жануарларды көрсетіп, оның дауысын салу керек. Сөйлей алмайтын баланың тіл шығуына жануарлар, сиыр, жылқы қой, қоян тағы басқа қоршаған ортадағы тірі нәрсені көзбен көрсету-сенсорика. Сенсорика – бұл заттардың сыртқы қасиетін, олардың пішіні, түсі, көлемі, кеңістіктегі орналасуы, сонымен қатар иісі, дәмін сезу. Баланың сөйлеп кетуі үшін ата-ана баласымен мәміле жасап, сөйлесу керек. Мысалы, «қазір мына киімді киеміз, қонаққа барамыз» деген сияқты түрлі сөздерді кішкентай сәби кезінен естісе балада тіл күрмеуі болмайды. Ал ерекше баланы айтатын болсам, алдымен ата-ана баласының кемістігін мойындау керек. Олардың ерекшелігін өз қатарластарымен ойнамай, шыңғырып, айқайлауынан тағы да басқа түрлі іс-қимылдары арқылы байқауға болады. Осыны байқаған ата-ана дефектологка жүгінуі керек. Осы тұрғыда тіл мүкістігі мен балалардың сөйлеуін дамытуға логопед маманы ғана емес ата-ана да бірге бірлесіп жұмыс істесе, берілген тапсырма мен жаттығуды орындаса, нәтиже болатыны хақ.